Алпауыт «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Мамандандырылған көлік басқармасы өз алдына жауапкершілігі шектеулі серіктестік болуды өткен жылы қолға алды. Жұмыссыз қаламыз, жеп отырған нанымыздан айырыламыз деген жұмысшылар бірлескен компанияға өтуден үзілді-кесілді бас тартты. Олар 200-ге жуық адамның қолы қойылған хатпен редакцияға «ЖШС-ке өткіміз келмейді, бірақ мәжбүрлеп жатыр, көмектесіңдер!»-деп келді.
Мамандандырылған көлік басқармасының Ақтөбе, Қандыағаш қалалары мен Жаңажол, Кеңқияқ өндіріс орындарында автопаркі бар. Өткен жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Мамандандырылған көлік басқармасының орнына бірлескен «СНПС –Ақтөбе көлік компаниясын» құру жоспары күн тәртібінде тұрды. Жаңа компания жұмыс көлемі мен кірісті ұлғайтып, жұмысшылардың еңбек жағдайы мен тұрмысын жақсартуға кепілдік берген болатын. «Екі ортада «шыбын өледінің» кері келмей ме?» деп үрейленген қарапайым жұмысшы топ «ат басындай алтын берем» десе де қарсы шықты. «Өз еркіңмен арыз жазып, жұмыстан шық та келесі компанияға дәл сол әдіспен жұмысқа кір» деген сөздер талай айтылды, бірақ көнбеді. Талап бір, ол «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан еш жаққа кетпеу, жалақыны көтеру. Барлығы орындалды, бұл дауыл алдындағы дамыл болған секілді. Өйткені, басқарма жұмысшыларының қолында анкета жүр. Онда: «ЖШС құрудың негізгі мақсаты көлік қызметін көрсететін кәсіби мекеме жасау болып табылады. Бүгінгі күні Мамандандырылған көлік басқармасы балансындағы 989 техниканың 320-сы 10 жылдан астам уақыт пайдаланылған. Техниканың көнеруіне байланысты сұраныс толығымен жабылмайды, жоспар орындалмайды. Көптеген техника сырттан тартылуда. 2010 жылы 86 техника есептен шығарылды, бірақ бірде бір техника сатылып алынған жоқ»,- деп жазылған. Әрі қарай жаңа компания ашылғаннан кейінгі келер жетістіктер мен көз қуантатын сандар сайрай жөнеледі. Мәселен, егер биыл ЖШС-і құрылса, 99 техника сатылып алынады екен. Сонымен қатар, гараж қондырғыларын жаңарту, жүргізушілердің санын көбейту, қосалқы бөлшектерді тікелей шығарушыдан сатып алу, сыртқы нарыққа жұмыс жасау мүмкіндігін туғызу артықшылық ретінде айтылып, тәптіштеп жазылған. Жұмысшылар мен қызметкерлер жұмыс орындарын сақтап қала алады. «Осы жоспарлар орындалған кезде сіз ЖШС құрамына енуге келісесіз бе?» деп анкетаны қорытады.
Автопарктің жүргізушісі Жігер Рақымов:
- Біз өз құқымызды қорғау үшін бар амалды қарастырып жатырмыз. Бірақ, қазір басшылар әр жұмысшыны жеке-жеке шақырып, «ЖШС-не өтуге қарсылығым жоқ» деп қол қойдыруда. Тіпті, әріптестерім айтқандай, «сен қалдың, басқалары қол қойды» деп жалған айтып, бір-біріне қарсы қойған сәттері кездеседі,- дейді. Дәл осы сұрақ, яғни, жаңа компанияға өту мәселесін күн тәртібіне қойып, мұнайлы өлке Жаңажолда жиын өтті. Жұмыстан соң, кешкілік болған басқосуға компания бас директорының орынбасары Р. Мүсіркегенов, Мамандандырылған көлік басқармасының бастығы Н.Сейіткамалов, кәсіподақ төрағасы Д.Каналин қатысады. Бәрінің айтары бір, ол – жаңа «аты мықты» ЖШС-не өтіп, жұмыс қарқынан күшейту. Ал, мұнайшыларда үрей басым. Олар «ертең бірлескен компания ауыр жүкті арқалай алмай, шығын көп, кіріс аз деп бізді жарты жолда тастап, банкрот болып қалса қайтеміз?» дейді. Жұмыс тоқтаса мыңдаған отбасы нансыз, жалақысыз қалады. Төленетін несие, оқытатын бала, әне, қалтаға қарап телміреді. Дәл осы көптің қарсылығы кезінде 2010 жылы аталмыш мәселеге орай облыстық әкімдікке үлкен жиын өткен болатын.
- «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» басшыларымен арада келісім жүрді. Жұмысшылардың талабы бойынша Мамандандырылған көлік басқармасы компания құрамында қалып, әрі қарай жұмыстарын жүргізе береді. Ал, басшылық болса жалақыны кезең-кезең бойынша көтереді,- деген еді облыс әкімі Елеусін Сағындықов. Араға жыл салып мәселе қайта көтерілді. Қайта көтерілген «дауыл» туралы облыстық әкімдік те, компания басшылары да әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
P.S. Жүргізушінің аты-жөні өзгертілді. Өткен жылы оқиғаның басы-қасында жүрген үш мұнайшы жұмыстан қуылып, сотқа тарқылған болатын. Енді, аяғын аңдап басып, бұға отырып сөйлеуді жөн көреді олар.
Соңғы пікірлер