Бұл кімнің көлеңкесі?

Темір тұлпарының терезесін қара көлеңкемен көлегейлеген көлікті көргенде өзіміз де таң қалдық. Заң талабы бәріне ортақ емес пе еді. Алдымнан жүйткіп шыққан көлеңкелі көлік көп сұрақ туғызды. Мүмкін, біздің көрген көрінісімізді жол полициясы қызметкерлері байқамай (әлде байқамағансып) жүрген шығар.

Жолдағы тәртіптің алдын алуға орай шыққан заң мемлекеттік қызметкерлерге де ортақ. Талап күшіне енген кезде жапатармағай көлігіміздегі көлеңкені сыпырдық. Жоғарыда көкелері отырған еркетайлар біраз еркелеп алмаудың амалын жасап бақты. Бірақ, тәртіптің аты тәртіп. Көнуің керек. БАҚ беттеріне жарияланған мақалалардан кейін көлеңкелі көліктер көзден тайған. Жасалынған жұмыс пен орындалған іске біз де біраз мәз болып қалғанбыз. Енді міне, көлеңкенің күңкілі суығаннан кейін көзімізге қылт етіп екі көлік түсті: «D 707 PTM», «D 001 RK». Сөзіміз сенімді болсын деп, машина нөмірін жазуға да мәжбүрміз. Олар әлі күнге дейін неге тұмшаланып жүр? Жасырынып та емес, өзін көргенде теріс қарап кеткен МАИ қызметкерлерінің қасынан жайбарақат өтіп барады. Ал саған керек болса! Енді не істерсің және не істейді?
Мұндай түсініспеушіліктерге біз де жолығып жүрміз. Соларды сендер түсіріп алып жазсаңдаршы. Бізге «поддержка» керек. Заңға бағынбайтындармен бірігіп жұмыс жасасақ жақсы болар еді. Тіпті, бұрын алып тастап, қазір қайта жапсырып алып жатқандар да кездесіп жүр. Заң бәріне бірдей. Сондықтан, оларға қолданылатын шара да ортақ, – деп өз жұмысында кездескен кедергілерді жол полициясы басқармасының бастығы міндетін атқарушы Елтай Ануарұлы жасырмай жария етті.

Ардақ Ерубаева.

Бұл ақтөбелік “КЕРЕК.info” газетіне жарияланған мақала. Осыдан кейін әкімшіліктен қоңырау шалып, облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағанбетовке келіп кетуін сұрағандар көбейбі. 001 RK нөмірлі машина облыс әкімі Елеусін Сағындықовтыкі боп шықты. Ертеңіне таңертең қабылдаған орынбасар: “Сен өзі неше жыл жұмыс жасаған баласын? Бір жылдан асса жас екенсің. Енді мен қате жазыппын деп мақала жаз. Түсірген суретің болмағасын дәлелің де жоқ. Әкім жай адам емес. Сотқа берсек сен ештеңені дәлелдей алмайсың. Тіпті журналистикада жұмыс жасай алмай қалуың да мүмкін” деп қоқан-лоққы жасаған. Қазір үлкен шу туып жатыр. “Қателесіппін, бұл прокуратураның машинасы 001 PK екен деп жаз” деген әкім орынбасары ашулы. Содан кейін әкімшілік маңындағы Төтенше жағдайлар министрлігі деп жазылған машинаны көрдік. Жүргізушісі: “бұл бастықтың машинасы” деп саспастан шалқалақтап отыр екен. Осыдан ақ “Заң – ортақ ереже” дегеніміз түк те емес екенін білуге болады. Журналист жалданбалы жұмысшыға айналған қоғамда  ашық пікір айту мүмкін болмай барады. Оқиғаның соңы немен ақяталарын тағы жалғасыра жазамын.

Posted by: altynai | Маусым 3, 2008

Вице-министрдің білмейтіні көп

Бүгін Ақтөбеге индустрия және сауда министрлігінің вице-министрі Еділ Мамырбеков келді. Премьер-министрдің тапсырмасымен қаламыздағы екі кәсіпорынды ашуға келсе де олардың нақ атын білмейтін боп шықты. Шенеунік журналист Сатыбалды Сәуірбаевтан кәсіпорынға кірер бетте: “не ашылғалы жатыр”,- деп сұраған. Бір топ журналистерге сұхбат берер алдында ол өзі ашқан “Казметаллополимер” ЖШС-нің атын ұмытып қалып, завод директорларын тағы бір әбігерге салды. Үлкен басшының кішкентай кәсіпорындарыды арнайы келіп ашуы көпшіліктің көкейінен сұрақ боп шықты. Вице-министр: “30 серпінді жоба шартты түрде аталған болатын. Осындай әрбір жобаны 30 серпінді жоба деп айтуға болады”,- дейді.

Posted by: altynai | Маусым 2, 2008

Арызымды орысша жазып берші

Жұлдыз жұмысына әдеттегідей уақытта келді. Дәлізге шыға қалғаны сол еді алдынан жұмыс кеңсесінің еден жуушысы шыға келді. Жәй ғана амандасып өтпекші еді, болмады. Жасы үлкен адам өтінішін айтты. «Қызым, менің қызым тұрмысқа шыққалы жатыр еді. Ақша керек. Соған орай Жамиға Серғазықызына орысша арыз жазып берші»,- деп қиылмасы бар ма? Себебін сұрағанда қазақша түсінбейтінін, сондықтан қазақ тіліндегі арыздарды қабылдамайтынын айтты. Жұлдыз көмектесуге келісті, бірақ көкейіндегі «тек орысша арызды ғана қабылдайтын қандай қазақ» деген сұрағын кімге қоярын білмеді.

Posted by: altynai | Маусым 2, 2008

Диплом сатамын, диплом…

- Диплом керек емес па?
- Керек. Қай жоғарғы оқу орнының дипломы?
- Қ.Жұбанов атындағы АМУ-нің. Бағасы 170 мың теңге. Мен екеуін жасаттым. Енді бір-екеуі қалды. Бірақ қорқынышты секілді. Ол заңды ма?
- Мемлекетттік университеттің дипломы болса арзан екен. Бірақ ісің заңсыз. Ұсталып қалсаң оңдырмайды ғой. Мұныңды таста.
Сөйтіп екеуміз өлшем киімдерін сататын дүкенге кірдік. Ондағылар бір-бірін жақсы таниды екен. Сол мезетте жеке куәлікті 50 мың теңгесімен қоса санап берді. Ол РНН мен СИК-тің де керегін айтып бізді шығарып салды. Диплом жасауға аз ғана уақыт кетеді екен.
( Делдал адамды өзім өте жақсы танимын. Сондықтан аты-жөнін жазғаным жоқ).

« Жаңа жазбалар

Категориялар